Мектеп

БІЗДІҢ МЕКТЕП ТАРИХЫ

Республика күніне орай «Мектеп тарихы және ұлағатты ұстаздар» атты мақалалар рубрикасын бастауды жөн көрдік. Әрбір білім ордасының өткені – оның мұғалімдері мен оқушыларының жеңістері мен жетістіктерінің тарихы. Бұл сол мектеп қабырғасынан үлкен өмірге түлеп ұшқан әрбір жан білуі керек оқиғалар желісі. Павлодар қаласында орналасқан  2001 жылы білімге сусаған шәкірттерге есігін айқара ашты. Осы уақыттан бастап бұл білім шаңырағындағы өмір қайнауын тоқтатпай келеді. Өткен жылдар барысында мектеп өмірде өз орнын тапқан және қоғамның үлесін  қосып жүрген көптеген талантты балаларды тәрбиелеп, білім берді. Әрине, олардың әлеуетінің барынша ашылуына бойларындағы талантты көре білген ұстаздар қауымы көмектескені шүбәсіз. Лицей ең алғаш рет 2001 жылы  ашылған болатын. Лицейдің сол кездегі басшысы Акчай Салих еді. Ол кезде мектеп «Облыстық қазақ-түрік қыз балалар лицей-интернаты» деп аталатын. Төрт тілде еркін сөйлеуге үйретіп, пәндерді тереңдете оқытатын мектептің материалдық мүмкіндіктері де сол кезең үшін өте құнды болатын. Лицей тарихына көз салар болсақ, 21 жыл уақыт аралығында білікті директорлар басшылық жасап, оқушылар үшін де, ата-аналар үшін де ерекше жағдай жасады. Атап айтқанда, 2002 жылы мектеп басшылығына Мевлют Өзкиши, 2003-2005 жылдары  Халит Сатылмыш Йылмаз, 2005-2008 жж. лицейді Саадетдин Солак басшылық етсе, 2008-2011 жж. лицей директоры жұмысына Игенбаев Алимжан Бекежанович тағайындалды. 2011-2016 жж- лицей директоры Демирджи Абдуррахман, 2016-2017 жж. лицей директоры Шабан Джошкун сынды азаматтар лицей үшін аз тер төккен жоқ. Лицей басшылығымен бүгінгі таңға дейін көптеген  игі істер жүзеге асырылды. Атап айтсақ, «Кереку өңірінің ән шашуы» атты лазерлік ән жинағы шықты. «Шамшырақ» ата-аналар академиясы мен «Айналайын» аналар клубы құрылды. Жазушы З.Ахметовамен кездесу ұйымдастырылды. Ардагер ұстазымыз Газизова Роза Мамаевнаның бастамасымен лицейдің төл басылымы «Гауһар» журналының алғашқы саны 4 тілде жарыққа шықты. Содан бері  «Гауһар» журналы  үрдіске айналып жыл сайын жалғасын тауып келеді.  Қазақ, түрік халықтарының ұлттық тағамдарының көрмесі жыл сайын жасалып, оқушыларымыздың ата-аналарымен бірлесе  ұлттық тамақтар жасалып, оқушыларға жан-жақты тәлім-тәрбие берілуде. 2005 жылы мектеп атауы «Дарынды қыз балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты» болып өзгертілді; лицей оқушыларының сурет көрмесі ашылды; 2005 жылы лицей оқушысы А.Қонқышева физика пәнінен (9-сынып) республикадағы тұңғыш электронды оқулықты дайындады. Оқулық облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми жобалар жарыстарының, Бүкіләлемдік Көрменің (АҚШ) бас жүлдесін иеленді. «Полиглот» тілдер орталығы жұмысын бастады. «Назерке» хореография тобы Халықаралық би жарыстарының екі мәрте гран-при жүлдесін жеңіп алды. 2006 жылы алғашқы 43 түлек ҰБТ тапсырып, 4 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. 2009 жылы облыс мектептері арасында тұңғыш рет «Жарқын болашақ» KATEV қазақ тілі олимпиадасы ұйымдастырылды. 2010 жылы мектеп «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясын иеленді. Назарбаев Университетіне 14 лицей түлегі қабылданды. 2006-2008 жж. лицей түлектерінің 33-і «Болашақ» стипендиясының иегері атанып, шетелдік таңдаулы ЖОО-на қабылданды. 2006-2011 жж. 6 жыл қатарынан ҰБТ рейтингі бойынша Қазақстанның 100 таңдаулы мектебінің санатына кірді. 2011-2016 жж- лицейде хореография залы, теннис корты, химия зертханасы, қазақ тілі, ағылшын тілі кабинеттері, конференц-зал ашылды. 2014 жылы кітапхана электрондық қызмет көрсету жүйесіне көшті. 2015 жылы лицей шәкірті Ж.Раимова ҰБТ-да 124 балл жинап, облыс бойынша ең жоғары дәреже көрсетті. Республикалық PBL жарыстарында лицей оқушылары 5 жүлделі орынды қанжығаларына байлады. «Робототехника» курсы ашылды. 2015-2016 оқу жылында облыстық, республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында, ғылыми жоба жарыстарында лицей шәкірттері 313 жүлделі орындар иеленді. 2016 жылы биология пәнінен халықаралық пән олимпиадасында лицей түлегі А.Завалишина жеңімпаз атанды. Бұл облыстағы алғашқы жүлде еді. Мектеп ұжымы «Үздік орта білім беретін ұйым — 2016» облыстық конкурсының жеңімпазы атанды.  2016 жылы  облыс әкімі Б.Бакауовтың «Үздік орта білім беретін ұйым-2016» облыстық конкурсының жеңімпазы атанып  «Облыстық дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты грант иеленді. 2017 жылы білікті басшы Нурлыкулова Эльмира Бекмахамбетовна  лицей басшылығына тағайындалды. Лицей ісін нәтижелі  табыстарға қол жеткізуіне Эльмира Бекмаханбетовнаның еңбегі зор. 2017 жылы аталмыш білім ордасы  жалпы  білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиаданың қорытындысында көрсеткен үздік нәтижелері  үшін Павлодар облысының білім беру басқармасы басшысының «Ең үздік олимпиадалық команда — 2017» номинациясымен, 2017 жылы  Нұр-Сұлтан  қаласында  өткен Қазақстан Республикасы  Білім және Ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директоры Ш.Қирабаевтың  «Үздік мамандандырылған білім беру ұйымы-2017»  республикалық конкурстың жеңімпазы атанып, І дәрежелі дипломмен,  2017 жылы   «Дарын» І Аймақтың Эвристикалық Мобильді Олимпиадасында жоғары нәтиже көрсеткені үшін «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен  «Urker Mitec» Зияткерлік даму  платформасының дипломымен  марапатталды. 2017 жылы Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясы  Kaz FUCA Президентінің  Павлодар облысы  білім беру басқармасының дарынды қыз балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ»  лицей-интернатына «ЮНЕСКО Клубы» мәртебесі берілді. Лицейдің ашылғаннан бергі 21 жыл ішінде жеткен жетістіктері мақтаныш етуге жарап-ақ тұр. Білім шаңырағының ауыз толтырарлық табыстарының мол болуына ұстаздардың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Мектеп құрылғалы бері әрбір игі істің басы-қасында жүріп, білім нұрын шәкірттеріне себумен келе жатқан ардақты жандардың бірі – Газизова Роза Мамаевна. 37 жылдық еңбек тәжірибесінде ғылыми-тәжірибелік жұмыс әдісін шебер меңгерген ұстаздың шәкірттері ғана жүлделі орындардан көрініп қоймай, өзінің де марапаттары мақтануға тұрарлық. Атап айтсақ, 2012ж. «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі; 2015ж.«Дарын» РҒТО Құрмет грамотасы; 2017ж. ҚР БҒМ Құрмет грамотасы; 2017ж. «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының Алғыс хаты; Павлодар облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасы т.б. Осы марапаттардың ішіндегі ең шоқтығы биігі 2019 жылы «ҚР  білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен  марапатталуы болып отыр. Лицей жұмысының нәтижелі болуына лицей ашылуынан бастап аянбай еңбек етіп жүрген басшының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары  Нурмагамбетова Алия Маратовнаның еңбегі зор. Осындай әлемдік деңгейдегі жарыстардан қалыспайтын шәкірттері мен ұстаздары бар лицей ұжымының айрықша ерекшелігі – мұнда қалыптасқан мейірімділік пен сенім атмосферасы дер едік.  Жеткен жетістіктеріміз – біздің жұмысымыздың нәтижесі.